Accessibility links

Израиль Газа секторында ірі шабуыл бастады


Израиль әскерінің шабуылынан кейін үйлерін тастап шығып жатқан палестиналықтар. Газа секторының солтүстігі. 16 мамыр 2025 жыл.
Израиль әскерінің шабуылынан кейін үйлерін тастап шығып жатқан палестиналықтар. Газа секторының солтүстігі. 16 мамыр 2025 жыл.

Израиль әскері Газа секторында ірі шабуыл бастады. ЦАХАЛ тұтқындағы адамдарды босатып, ХАМАС-ты (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) жоюды көздейтінін мәлімдеді.

Газа секторында ірі шабуыл бастағанын Израиль әскері 17 мамырға қараған түні Telegram желісінде хабарлады.

"Гедеон шеңбері" операциясы аясында әскерге сектордың барлық стратегиялық аудандарын бақылауға алу міндеті қойылған.

ХАМАС-қа қарасты Газаның денсаулық сақтау министрлігі 15 мамырдан бері Израиль әскерінің шабуылынан шамамен 250 адам қаза болғанын хабарлады.

Израиль әскері "Гедеон шеңбері" атты операциясының атауын X желісіндегі иврит аккаунтында ғана қолданған, ал ағылшын тіліндегі аккаунтта бұл атауды пайдаланбады.

Газа секторындағы дереккөздерге сүйенген Ynet жаңалықтық сайты өңірдің солтүстігінде қатты жарылыс естілгенін жазды. Бұған қоса, Израиль әскері Газаның шығысын артиллериямен атқылағаны жөнінде де хабар таратады. Кей ақпаратқа қарағанда, тұрғын үйлер де соққыға ұшыраған.

Израиль наурыз айында екі айлық атысты тоқтату режимі үзілгеннен кейін әскери қимылды қайта бастаған. Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп Газа халқы аштықтан зардап шегіп жатқанын айтты.

Газа секторының солтүстігі. 15 мамыр 2025 жыл.
Газа секторының солтүстігі. 15 мамыр 2025 жыл.

Израиль әскері ХАМАС-тан қауіп сейілмейінше және тұтқындар үйлеріне оралғанға дейін операцияны тоқтатпайтынын және 24 сағатта Газа секторындағы 150 нысанға соққы беретінін мәлімдеді.

Times of Israel басылымының ақпаратынша, "Гедеон шеңбері" операциясы Израиль әскеріне Газа секторын бақылауға алып, сектордың оңтүстігіндегі бейбіт тұрғындарды көшіруге, осылайша ХАМАС-қа гуманитарлық көмекті бақылауға алуына кедергі келтіруге мүмкіндік бермек.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мамыр басында Израиль "Газаға жылдам басып кіруге" дайындалып жатқанын айтқан.

Израиль үкіметі Трамптың Таяу Шығысқа сапары аяқталмайынша операцияны бастамайтынын айтқан. АҚШ президенті аймақтан жұма күні ұшып кетті.

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының жетекшісі Фолкер Тюрк Израильдің шабуылын айыптады.

"Бұл Газадағы халықты тұрақты көшіру талпынысына ұқсайды. Бұл халықаралық құқықты елемеу және этникалық тазартумен пара-пар" деді Тюрк Женевада.

Газаның орталық бөлігінде қоныстанған адамдарға арналған шатырда отырған палестиналық әйел. 17 мамыр 2025 жыл.
Газаның орталық бөлігінде қоныстанған адамдарға арналған шатырда отырған палестиналық әйел. 17 мамыр 2025 жыл.

БҰҰ мәліметінше, Газа халқына аштық қаупі төніп тұр.

Израиль үкіметі Газада азық-түлік жетіспей жатқанын талай рет мойындамаған.

  • ХАМАС 2023 жылы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге шабуыл жасағаннан кейін Израиль Газа секторында әскери қимыл бастаған. ХАМАС шабуылынан шамамен 1200 адам қаза болды, 250-ден астам адам тұтқынға алынды.
  • ХАМАС-қа қарайтын Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соғыс барысында ондаған мың палестиналық опат болған. Дегенмен бұл мәлімет тәуелсіз дереккөздермен расталған жоқ. Қаза болған палестиналықтардың қаншасы ХАМАС әскерінің құрамында болғаны туралы мәлімет жоқ.
  • Наурыз айында Израильдің әскері Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери қимылды қайта бастаған. Қазір ХАМАС-тың қолында 57 израильдік тұтқында отырғаны айтылады. Ондаған адам тірі емес деген болжам бар.
  • ХАМАС-ты ливандық"Хезболла" қозғалысы қолдап, Ливан жағынан Израильді тұрақты түрде атқылап отырды. Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде әскери операция жүргізген, бірақ кейін өз әскерін көрші елдің аумағынан әкеткенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG