ЖАҢАЛЫҚТАР
Сотталған украиналықтар жазаларын өз елінде өтейді

Компания қызметкерлері Александр Школяренко мен Александр Хрулев биыл қаңтарда тұтқындалған еді. Екеуіне ҰҚК шекара қызметінің АН-72 ұшағы және басқа да әскери техникаларды жөндеу келісімдеріне қатысты Қазақстан қорғаныс министрлігінің қару-жарақ бас басқармасының бастығы генерал Алмас Асеновке 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара берді деген айып тағылған.
Асенов те тұтқынға алынып, шілдеде 11 жылға сотталған. Қыркүйекте Алматы соты үкімді күшінде қалдырған.
Шекара қызметінің ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Шымкентте апатқа ұшырады. Ұшақ бортындағы барлық 27 адам қаза тапты. Олардың арасында шекара қызметі басшысы Тұрғанбек Стамбековтен бастап басқа да лауазымды тұлғалар болған.
Басқа да жаңалықтар
Ватиканда Рим папасы XIV Леоның таққа отыру рәсімі өтті

Ватиканда Рим папасы XIV Леоның таққа отыру рәсімі өтті. Ол понтифик қызметіне ресми түрде кірісті.
267-понтифик Әулие Петр алаңына алғаш рет папамобилде барды. Оны жұрт қошаметпен қарсы алды.
Рим Папасы XIV Леo жаңа понтификат кезеңінің басталуына арналған салтанатты жиынға төрағалық етті.
Шараға 150-ден астам елдің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Украина басшысы Владимир Зеленский, Перудің президенті Дина Болуарте қатысты.
Рим папасы өзінің уағызында католик шіркеуінде "діни пропагандаға" орын жоғын айтып, бірлікке шақырды.
- 8 мамырда Рим папасы Франциск қайтыс болғаннан кейін 69 жастағы америкалық кардинал Роберт Франсис Прево Рим папасы болып сайланған. Ол өзіне XIV Лео деген атты таңдады. 11 мамырда әулие Петр алаңында жұрт алдында алғаш рет сөйлеген ол Украинада "нағыз және тұрақты бейбітшілік" орнатуға үндеген.
Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетті

Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кеткенін хабарлады. Facebook желісіндегі бірнеше жазбасында ол елде өзіне қысым күшейіп, шығармашылығына жүйелі түрде тыйым салынып, өзін тіпті "жемқор, ұры" ретінде айыптай бастағанын жазды. Ол мәдениет саласындағы саясатты сынап, елде шығармашылық иелеріне еркіндік қалмағанын алға тартқан.
"...Маған қарсы ақпараттық кампания ұйымдастырылды. Желіде мен туралы "жаман адам", "ұры", "жемқор", "дарынсыз адам" деген тәрізді неше түрлі қорқынышты нәрселер шыға бастады. Ешкімге керек емес кино түсіреді. Ешкімге керек емес кітап жазады... Менің туындыларыма миллиардтаған қаражат кетті деп жазды. Шын мәнінде менің фильмдерімнің барлығының бюджетін қосқанда бір "Томиристің" бюджетінің жартысын ғана құрайды. "Қазақ хандығы" бюджетінің төрттен бір бөлігі. Елбасы туралы эпопеяны айтпай-ақ қояйын..." деп жазды ол.
Оның сөзінше, кейінгі жылдары өзі қатысатын шығармашылық кештері мен шараларға тыйым салынып, тіпті кітаптарын тарата алмайтын жағдайға жеткен. Жуырда ғана 22 және 31 мамырға жоспарланған шараларын шегеруге тура келген.
22 мамырда ол Нұрлан Сабыровпен "Диалог" атты кеш, 31 мамырда Еркеш Шәкеевпен бірігіп саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шара өткізбек болған. Almaty Theatre өкілдері оған техникалық себептерді алға тартып, 31 күнгі шараны өткізе алмайтынын ескерткен. Бұған дейін мұны композитор Еркеш Шәкеев те айтқан.
Ол жазбасында "президентті қорлау және мемлекеттік құрылымға жасалған қастандық" деген желеумен өзінің "Бесмойнақ" фильмінің прокатына да тыйым салынғанын айтты.
Бұған дейін ақпарат құралдары Ермек Тұрсыновтың продюсерінің үйінде тінту жүргенін жазған еді.
Оскар сыйлығына үш рет ұсынылған, көптеген халықаралық фестивальдардың жеңімпазы атанған Ермек Тұрсыновтың "Шал", "Сіз кімсіз, Ка мырза?", "Сабалақ", "Бақсы", "Келін", "Жат" және өзге де фильмдері көрерменге таныс.
Eurovision-2025: австриялық әнші Базельдегі байқауда жеңімпаз атанды

Австриялық әнші JJ Швейцарияның Базель қаласында өткен "Eurovision 2025" ән байқауының жеңімпазы атанды. Ол жоғары ноталардан тұратын опералық Wasted Love әнін шырқады.
24 жастағы Йоханнес Пич (лақап аты JJ) әнге өзінің өмірі арқау болғанын айтып, ән жауапсыз махаббат жайында екенін жеткізді. Дауылға қарамастан теңізде қайық үстінде қасқайып тұрған қайсар адам образын бейнелеп, сахнада ән шырқаған өнерпазға әділқазылар да, көрермендер де ең жоғары ұпайды берді. Йоханнес Пих Вена мемлекеттік операсында қызмет етеді және әйгілі қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдайды.
Екінші орынды израильдік Юваль Рафаэль, үшінші орынды эстониялық Томми Кэш иеленді. Букмекерлік кеңселер мен музыка сарапшылары «жеңімпаз» болады деп болжаған шведтік KAJ тобы төртінші орынға жайғасты.
Финал болатын күні Базельде шеру өтіп, қатысушылар Израильді байқаудан шығаруды талап етті. Палестина туын ұстаған шамамен 800 белсенді қала орталығына жиналған. Полиция оларды Рейн көпірінен әрі қарай өткізген жоқ.
Байқау басталмай тұрып Eurovision-ның ондаған бұрынғы қатысушысы да Израильге бойкот жариялауды талап еткен. Екінші орынды иеленген әнші Юваль Рафаэль өнер көрсетіп жатқан шақта белсенділер сахнаға бояуы бар пакет тастамақ болған. Нәтижесінде ол көрермендерге, оның ішінде неміс тілшісіне де тиген.
Шоуға әлемнің 37 елінен әншілер қатысты. Жартылай финал 13 және 15 мамырда, финал 17 мамырда өтті.
Австрия бұған дейін 1966 және 2014 жылдары Eurovision ән байқауында бірінші орынды жеңіп алған.
Еуропалық хабар тарату одағы 1956 жылдан бері жыл сайын Eurovision ән байқауын ұйымдастырып келеді. Ережеге сәйкес, бірлестіктің негізін қалаушы бес ел – Ұлыбритания, Франция, Испания, Италия, Германия және байқауды өткізетін елдің әншілері тікелей финалға өтеді. Келесі байқау жеңген әншінің елінде өтеді. 2024 жылғы жарыста швейцариялық Немо жеңіске жеткен еді.
Байқау жеңімпаздары тікелей эфирде қазылар алқасының жиынтық ұпайлары мен көпшілік дауыс беру арқылы анықталады.
Әр ел байқауға кімді жіберетінін өзі шешеді. Кейбір елдерде ол байқау арқылы таңдалса, басқаларында қазылар алқасы анықтайды.
Ақпарат құралдары Базельдегі Eurovision байқауын ұйымдастыруға 37 миллион еуродан астам қаржы жұмсалғанын хабарлады. Ұйымдастырушылар байқау шығыны туралы ақпарат бермеді. Жарыс 14 200 көрерменге арналған Saint Jakobshalle аренасында өтті. Қаладағы үлкен стадионға да монитор орнатылып, мыңдаған көрерменнің назарына ұсынылды. Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шоуды әлем бойынша 160 миллионнан астам адам тікелей эфирде тамашалаған.
Қырғызстанда 1400-ден астам әйелге "Батыр ана" атағы берілді

Қырғызстанда жеті және одан да көп баланы дүниеге әкелген 1413 әйел «Батыр ана» орденімен, алты баласы бар 1232 әйел «Ана құрметі» медалімен марапатталды. Мұндай жарлыққа президент Садыр Жапаров 17 мамырда қол қойды деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Былтыр қарашада ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиев таулы және ауа райы қатал аймақтарда тұратын жеті баласы бар отбасыларға әрқайсысына – 1 миллион сом (11,4 мың АҚШ доллары), тоғыз баласы барларға – 1,5 миллион (17,1 мың АҚШ доллары), он баласы барларға 2 миллион сом (22,8 мың АҚШ доллары) берілетінін мәлімдеген.
Қырғызстанда жеті және одан да көп баласы бар аналарға «Батыр ана» атағы беріледі.
Елде 1992 жылдан қазірге дейін «Батыр ана» орденін алғандардың саны 40 мыңға жуықтаған. Олардың арасында зейнетақыға құқығы жоқ тек әлеуметтік жәрдемақы алатындар да бар. Олардың жәрдемақысын көбейту мәселесі парламентте бірнеше рет көтерілген.
Қырғызстанда "Аналар күні" мерекесі жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде тойланады, бұл жолы 18 мамырға сәйкес келген.
Қырғызстан халқының саны 7 миллионнан асты.
Жыл басынан бері 300-ден астам адамнан коронавирус анықталған

Жыл басынан бері 300-ден астам адам коронавируспен ауырған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жыл басынан бері 329 адамнан коронавирус анықталған. Аптасына орта есеппен 25 жағдай тіркеледі. Адам өлімі болмаған.
Инфекциялық ауруханаларда орындардың – 27%, реанимацияда 2% бос емес. Стационарда екі адам емделіп жатыр, олардың жағдайы орташа ауыр.
Бірнеше жыл бұрын коронавирус індеті басталғалы бері елде 1.4 млн адам коронавирусқа шалдыққан. 19 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған.
Трамп Путинмен телефонмен сөйлесетінін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні таңертең Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлеседі.
"Аптасына орта есеппен бес мыңнан астам ресейлік және украиндық сарбаздың өмірін қиған "қантөгіс" пен сауда туралы сөйлесеміз" деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
Бұдан дейін Трамп Украина басшысы Владимир Зеленский және НАТО-ның бірқатар мүшелерімен тілдеспек. Ол Украинадағы соғысты аяқтауға күш салатынын айтты.
Кремльдің баспасөз қызметі Путин мен Трамптың телефон әңгімесіне дайындалып жатқанын растады. Журналистер АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиодан екі ел президенттерінің кездесуі туралы сұраған кезде "мұндай кездесудің техникалық детальдары үшін бірақ уақыт керек" деп айтқан.
Сенбі күні Ресей мен АҚШ-тың сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесіп, 16 мамыр Стамбұлдағы Ресей-Украина келіссөзін талқылаған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы келіссөз кезінде тараптардың тұтқын алмасу бойынша келісімін жылы қабылдаған.
Стамбұлдағы келіссөз кезінде екі жақ атысты 30 күнге тоқтату бойынша келісім жасай алмады. Оның жалғыз нәтижесі – 1000/1000 форматында тұтқын алмасу жөнінде келісім болды.
Стамбұлдағы келіссөзден кейін АҚШ президенті Мәскеу мен Киевтің келісімге келуіне өзінің Путинмен кездесуі көмектесуі мүмкін екенін айтқан. Кремль мұндай кездесуге ұзақ дайындық керек деді.
Украинаның Сумы облысында автобусқа шабуыл жасалды. 9 адам қаза болды

Украинаның Сумы облысы Белополе елді мекені маңында ресейлік дрон микроавтобусқа шабуылдап, соның салдарынан кемінде 9 адам қаза болды, жеті ажам жарақаттанды.
Сумы облысының әскери әкімшілігінің мәліметінше, бейбіт азаматтарды тасымалдаған автобусқа соққы сенбі күні таңертеңгі сағат 6 шамасында жасалған. Алдын ала мәлімет бойынша, соққы кезінде "Ланцет" дроны пайдаланылған.
Белополе ауылы Ресейдің Курск облысының Теткино елді мекенінен шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. Ол аумақта кейінгі күндері шайқас жүріп жатыр.
17-18 мамыр күндері Сумы облысында қаралы күн жарияланды.
Украина президенті Владимир Зеленский телеграм-парақшасында микроавтобусқа жасалған шабуылда "мақсатты түрде бейбіт азаматтарды өлтіру" деп атады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, ресейліктер бір отбасыны өлтірген: әкесі, анасы және қызы соққыдан қаза болды" деді Зеленский.
Украина президенті Стамбұлдағы келіссөз кезінде атысты тоқтату мүмкіндігі болғанын, бірақ Ресей оны пайдаланбағанын айтты. Ол Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге шақырды.
Сумы облысының билігінің мәліметінше, өткен тәулікте Ресей 31 елді мекенді атқылаған. Олардың басым бөлігі Сумы, Конотопский және Шосткинский аудандарында тіркелген. Азаматтық инфрақұрылым нысандары қирап, бүлінген.
Сумының Ресеймен шекаралас жатқан елді мекендерінен шамамен 70 адам эвакуацияланған.
Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға түсініктеме бермеді.
Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеде тұтқындар өздерін жарақаттады

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Новоукраинка ауылындағы қауіпсіздігі жоғары колонияда тұтқындар түрмедегі "адам төзгісіз жағдай мен басшылықтың қысымына" наразылық ретінде өздерін жарақаттады. Бұл жөнінде тұтқындардың жақындарының сөзіне сүйенген Orda.kz жазды. Жергілікті қылмыстық атқару-жүйесі департаменті тұтқындардың өздерін жарақаттағанын растап, мұны "тыйым салынған заттарды тәркілеуге қарсылық" ретінде сипаттады.
"Менің ұлым асқазанына шеге сұғып, ішегін жаралаған. Оған дәрігерлерді кіргізбегенін естідік. Бес сағат бойы қансырап жатқан. Түрмеге жедел жәрдем көлігін кіргізбеген. Оның себебін білмейміз. Түрме басшылары бізге ештеңе деп айтпады. Балаларымыз жазаларын алды, енді олармен не үшін мұндай қарым-қатынас жасайды?" деді тұтқындардың бірінің шешесі Людмила Мельникова.
Оның сөзінше, ұлы Саумалкөл ауылындағы ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Оны ұлына жібермеген. Айтуынша, түрме бастығы дәрігерге оның ұлын видеоға түсіруге де рұқсат бермеген. Дәрігер ұлының аш ішегі зақымданғанын айтқан.
Туыстарының сөзінше, түрмеде 15 тұтқын өздерін жарақаттаған.
"Жігіттер қан тамырларын кесуге тырысқан. Қолдарын жарақаттаған. Оларды зембілмен алып кетті. Кейбірі қауіпсіз орындарға жасырына алған. Түрмеде осындай жағдай бұрыннан бар. Балалар ондағы бассыздықтар туралы үнемі айтады. Арандататынын да айтқан. Олар көмек сұраған. Жан айқайымыз осы. Астанадан уәкілетті органдар келгенін қалаймыз" деді тұтқындардың бірі Татьяна Лапина Орда сайтына.
Туыстарының айтуынша, түрмеде қарапайым жағдай жоқтың қасы. Көрпе-жастық, медициналық көмек жоқ. Түрме әкімшілігі тұтқындарға қысым көрсетеді деген.
Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тұтқындардың денелерін жарақаттағанын растады.
"Солтүстік Қазақстан облысының №51 мекемесінде үш сотталушыдан тыйым салынған заттар тәркіленді. Соған байланысты түрме режимімен келіспеген сотталушылар өздерін жарақаттады. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Олардың бірі бөгде затты жұтып қоюына байланысты қалалық ауруханада жатыр. Операция жасалды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, денсаулық жағдайы қанағаттанарлық" деп жазылған департаменттің хабарламасында.
Туыстары тұтқындарға қысым күшейе ме деп қорқады.
Қазақстан түрмелерінде наразылық ретінде тұтқындардың өздерін жарақаттауы жиі кездеседі. Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған белсенді Марат Жыланбаев түрме әкімшілігінің өзіне сурет салып, жүгіруге рұқсат бермегені үшін аузын тіккен.
Құқық қорғаушылар түрмеде мұндай оқиғалардың көбеюіне көп жағдайда түрмедегі азаптау мен қысым түрткі болатынын айтады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді.
Жыл басынан бері Қазақстаннан Ресейге картоп тасымалдау 15 есе артқан

Жыл басынан бері Қазақстаннан Ресейге картоп тасымалдау 15,6 есе артқан. Ресейлік Россельхознадзор ұйымының хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
"Аргус-Фито" федералды мемлекеттік ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша, Россельхознадзор 2025 жылдың басынан бері Ресейге картоп импорты артқанын тіркеді. Жаңа картоп импорты былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе яғни, 124,8 мың тоннадан 432,2 мың тоннаға дейін артты. Египет тасымалы 4,5 есеге яғни, 59,3-тен 266,3 мың тоннаға дейін, Пәкістан – 4,4 есеге – 1,9-дан 8,2 мың тоннаға, Қытай бірнеше есеге – 2,5-тен 65,5 мың тоннаға, Қазақстан – 448 тоннадан 7 мың тоннаға дейін, Армения – 490 мың тоннадан 5,5 мың тоннаға дейін арттырды" деп хабарлады Россельхознадзор.
Мұндай ақпарат Қазақстанның өз ішінде картоптың қымбаттауы тоқтамаған шақта тарап отыр.
Қазақстан ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы сәуірде картоп 7,1% қымбаттаған. Бюро дерегінше, Қазақстанда картоптың орташа бағасы 250 теңге. Ал былтыр бұл кезде картоптың орташа бағасы 140 теңге болған. Осылайша бір жылда картоп 70% қымбаттаған.
Биыл жыл басында Қазақстанда картоп күрт қымбаттаған еді. Билік мұны көрші елдердің картопқа сұраныс артуымен түсіндіріп, алты айға картоп экспортына тыйым салатынын мәлімдеген. Бірақ бұл шараның ЕАЭО елдеріне (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) қатысы жоқ екені хабарланды.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, мамыр айында нарыққа биылғы өнімдер түскен кезде бағасы тағы өскен. Кейбір супермаркеттерде оның килосы 1300 теңгеге барғаны да хабарланды.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстан шамамен 2.6 млн тонна картоп жинаған, ал елдің ішкі нарығының сұранысы 2 млн тонна.
Bloomberg Стамбұлдағы келіссөзде Ресейдің қандай талаптар қойғанын жазды

Украиналық делегациямен келіссөз кезінде Ресей жағы соғысты тоқтату үшін бірнеше шарт қойды деп жазды келіссөзден хабары бар дереккөздерге сүйенген Bloomberg.
Басылым Мәскеудің Киевке төмендегідей талаптар қойғанын жазды:
- Украина бейтарап мәртебесін қабылдауы керек – Украина аумағында шетел әскері мен жаппай қырып-жою қаруы болмауы керек;
- Киев Мәскеуден соғыс шығынын өтеуді талап етпеуі керек;
- Украина Қырым мен төрт облыстан айырылғанын мойындауы керек. Ресей делегациясы президент Владимир Путин Украина Донецк, Луганск, Харьков, Запорожье облыстарынан өз әскерін толық әкеткеннен кейін атысты тоқтатуға келіседі деп айтқан. Кремль сонымен бірге бес аймақты халықаралық қауымдастық та Ресей жері деп мойындауы керек деген.
Агенттіктің жазуынша, бұл талаптар АҚШ ұсынған бейбітшілік жоспарына кереғар. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған қалай реакция танытатыны белгісіз.
Еуропалық шенеуніктердің бірі осы аптадағы оқиғалар Трампқа Ресейдің бейбітшілік жоспарына қалай қарайтынын түсінуге көмектесетін болар деп үміт білдірді және АҚШ қатаң реакция білдіруі керек деген. Кейбір шенеуніктер Трамп Мәскеуге жанама санкция енгізеді деп санайды.
Ресми тұлғалардың айтуынша, кейінгі аптада АҚШ-тың Ресейге қатынасы қатайған және Трамп әкімшілігінің шенеуніктері Путинді бейбітшілік келісіміне кедергі болып отырған басты тұлға ретінде қарастырып отыр.
Стамбулда Ресей-Украина келіссөзі аяқталды

Стамбұлда Ресей-Украина келіссөзі аяқталды. Ол шамамен екі сағатқа созылды. Тараптардың кездесуден кейін мәлімдеме жасайтыны айтылды.
Келіссөзді Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан ашты.
“Екі жол бар: бірі бейбітшілікке жетелейді, екіншісі бұдан да ірі зардаптарға соқтырады. Тараптар қай жолды таңдауды өздері шешеді” деді ол.
Стамбұлдағы келіссөз кезінде Ресей делегациясы Киевтен Украина облыстарынан украин күштерін әкетуді талап еткен. Бұл жөнінде украиналық дереккөзге сүйенген Reuters жазды. Дереккөздің сөзінше, Ресей жағы атысты тоқтату үшін өзге де “орындалмайтын” талаптар айтқан.
Әзірге келіссөздің мазмұны жөнінде ресми мәлімет шыққан жоқ.
Келіссөзге қатысқан ресейлік делегацияға президенттің көмекшісі Владимир Мединский жетекшілік еткен. Ал Украина жағында қорғаныс министрі Рустем Умеров бастаған делегация болды.
Бастапқыда Түркия жағының кіріспе сөзден кейін кететіні хабарланған. Ізінше Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданның келіссөзден кетпейтіні белгілі болды.
Украина ақпарат құралдарының жазуынша, Украина өкілдері келіссөз кезінде ресейлік делегациямен аудармашы арқылы сөйлескен.
Дегенмен ресейлік мемлекеттік RT телеарнасы телеграр-арнасында "келіссөз орыс тілінде өтті" деп жазды.
Алматының тергеу соты Шешенстан азаматы Мансур Мовлаевты 40 күнге қамады

Алматының тергеу соты осыдан бірнеше күн бұрын ұсталған Шешенстан азаматы Мансур Мовлаевты 40 күнге қамады. Бұл жөнінде адвокат Мұрат Адам хабарлады.
Оның сөзінше, қорғаушылар сот кезінде оны Шешенстанға экстрадицияласа, шешен азаматының өміріне қауіп төнетінін алға тартқан. Олар бостандыққа қарағанда қамауда отырғаны шешен азаматы үшін қауіпсіз болады деп санайды және сол үшін сот шешімімен келіседі.
Адвокаттар осы уақыт аралығында Қазақстаннан баспана сұрау туралы өтініш бермек.
Шешенстан билігін сынаған Мансур Мовлаевтың ұсталғанын екі күн бұрын Азаттыққа таныстары хабарлаған еді. Олар оны Шешенстанға қайтарса, қысым мен азаптауға ұшырауы мүмкін екенін айтқан. Полиция іс бойынша түсініктеме бермеді.
Бір күн оған адвокаттары кіріп шыққан. Оның құқығын адвокаттар Рена Керимова, Мұрат Адам, Елена Жигаленок қорғамақ.
– Халықаралық іздеуде жүргендіктен Шешенстан республикасының өтінішімен оны ұстаған. Қазір әріптесімізбен оған кіріп шықтық. Сөйлестік. Ол өзінің өмірі мен денсаулығына қатты алаңдап отыр. Прокурор тергеген кезде ол мұны ашық айтты. Біз де оның өміріне қауіп бар деп санаймыз. Бұл жерде Қазақстан принциптілік танытып, оған көмектесу керек, – деді Рена Керимова Азаттық Азия сайтына.
"Кавказ.Реалии" сайтының жазуынша, тхэквандо бойынша спорт шебері Мансур Мовлаев Шешенстан республикасын электрмен қамтамасыз етумен айналысатын "Шешенэнерго" компаниясында 2018 жылы инженер болып істеген. Кей ақпарат құралдары мен шешен оппозиционерлерінің жазуынша, 2020 жылы Мовлаев "республика билігін сынағаны үшін" үш жыл түрмеге кесілген. Алайда нақты қандай баппен сотталғаны белгісіз. Редакция журналистері соттың сайтынан тиісті сот шешімін таба алмаған.
2022 жылы шартты түрде босап шыққан Мовлаевты сол жылы тамызда шешен полициясы қайта ұстап, құпия түрмелердің біріне қамаған деп айтылады. Белсенді ол жақтан қашып кетіп, Қырғызстанға жеткен. Ресейде экстремизм бабы бойынша оған іздеу жарияланған деп айтылады. Ол былтыр Ресейге экстрадициялау қаупі төнгенін айтып, Қырғызстаннан кеткен.
Санкт-Петербургте қазақстандық студент ұсталды

Петербургтің күштік құрылым өкілдері "терроризмді насихаттады" деген күдікпен шетел студентін ұстады. Бұл жөнінде Петербургтің тергеу комитеті басқармасы хабарлады.
Тергеу органдарының айтуынша, ұсталған студент қаңтар-ақпан айларында "Жұмысшылар билігі" ұйымының съезінде "терроризмді ақтайтын ұрандар" көтерген. Тінту кезінде одан "пропагандистік әдебиет" тәркіленген. Ведомство шетел студентінің қай елден келгенін айтпады.
"Ротонда" сайтының жазуынша, ұсталған адамның аты-жөні – Гарри Азарян, 23 жаста, Қазақстан азаматы. Құқық қорғаушылардың дерегіне сүйенген күштік құрылым өкілдері студенттер Олег Рубиш, Ирада Ибрагимова, Денис Коваль және Кириллдің (тегін айтқан жоқ) пәтерлерін тінткен. Соңғы аталған адамның соққыға жығылғаны да хабарланды.
Ақпаратқа қарағанда, Азарян студенттердің бейресми жиынында “революция, таптық жеккөрушілік, көшенің күші” туралы айтқан. Тергеушілер оның бұл сөзінен мемлекеттік құрылымды күштеп өзгерту мен билікті ауыстыруға шақыру белгілерін көрген.
"Жұмысшылар билігі" ұйымы туралы сәуір айының соңында Ресейдің билікшіл басылымдары жазған. РИА Новости сұхбат алғандардың бірі "Жұмысшылар партиясын"" Ұлыбританиядан басқарылатын және жағдайы жақсы жұмыс істемейтін студенттерден жасақталған студенттер тобы" деп сипаттаған.
13 мамырда петербургтік күштік құрылымдар Silver Machine тобының вокалисті Алексей Сидоровты "Жұмысшылар билігінің" мүшесі деп атаған. Оның "құдай үшін, жылы-жұмсақ өмір үшін, Газпром үшін, Tinkoff үшін өлетін сәт келді" деген сөздері бар сатиралық "Zа наших" әніне "жеккөру қоздырғаны үшін" айыппұл салынды.
Қырғызстанның арнайы қызметі қазақстандық кәсіпкерге іздеу жариялады

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Қамшы Көлбаевтың (Қамшыбек Асанбек) қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке ілінген қазақстандық кәсіпкер Ерқанат Жұмабековке іздеу жариялады. Арнайы қызметтің мәліметінше, ол "Бауырлық шеңбер" деген атпен танылған топқа мүше болған.
"Ерқанат Жұмабеков "заңды ұры" Қамшыбек Асанбекпен ақша бопсалау, кәсіпкерлерден ақша жинау, ТМД елдеріндегі бизнес мүддесін жүзеге асыру, экономикалық жобаларды ілгерілету мақсатында тығыз байланыс орнатқан. Онымен достасып, Ыстықкөлдегі «Барыс» демалыс базасының аумағында бірнеше рет кездескен. Қамшыбек Асанбектің жақын туыстарына Алматыға келгенде түрлі көмек көрсеткені анықталды" деп жазылған хабарламада.
Қазақстандық кәсіпкер мен оның адвокаты әзірге ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін ҰҚМК Көлбаев ісі аясында өзге елдердің кәсіпкерлеріне де іздеу жариялаған еді.
Тамыз айында ҰҚМК қазақстандық кәсіпкер және Ыстықкөл облысындағы "Симирам" демалыс орнының иесі Ясынжан Таировқа іздеу жариялаған.
Оның алдында мамырда тағы бір қазақ кәсіпкері, Vertex Gold тау-кен өндіру компаниясының иесі Владимир Жұманбаевқа халықаралық іздеу жарияланды. ҰҚМК одан Көлбаевтың қылмыстық тобы қаржыландырды деп күдіктенді. Осыдан кейін көп ұзамай Жұманбаев Қырғызстанға барды. Қырғызстанның арнайы қызметі ізінше оған қатысты тиісті тергеу шаралары жүргізілгенін, оған тағылған айыптар алынғанын, сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылғанын хабарлады.
2024 жылы тамызда осыған ұқсас іс ресейлік кәсіпкер Capital Group иесі Павел Тёге қарсы қозғалды, алайда оның ісі де көп ұзамай тоқтатылды.
Қырғызстанда "қылмыстық топтың жетекшісі" ретінде танылған Қамшы Көлбаев 2024 жылы 4 қазанда ҰҚМК-ның арнайы операциясы кезінде атып өлтірілді. Оның мүлкі мемлекетке берілді. Содан бері оған қатысы бар адамдар ұсталып жатыр, кейбірі түрмеден босатылған.
Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот отырысы: сотталушы полиция бөлімінде азапталғанын айтты

Кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі кезінде сотталушылардың бірі Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезінде берген жауабынан бас тартты. Оның сөзінше, тергеу кезінде оны адвокатпен қамтамасыз етпеген және қысым жасап, ұрған.
“Қысым көрсетті. Полиция, жедел қызметкерлері ұрды, соқты. Ол бойынша бірнеше рет арыз жазған болатынмын.... Полиция бөліміне кіргеннен бастап жауап алуға дейін таяқ жедік....Қысқа нұсқа айтып өтейін: киноға түсіреміз деді. Алып шықты. Киноға түсірді. Біреудің үйіне кіргізді. Ол жерде біраз ұрып-соқты. Полиция басқармасы ішінде полиция қызметкерлері, жедел уәкіл қызметкерлері ұрды, өткен-кеткеннің бәрі ұрып, бізге “былай айтасың, былай айтасың” деп күш қолданды. Және Қаржаубайдың өзі де келіп, бәрімізді балағаттады. Қоқан-лоқы көрсетті. Ұрды. Оны растайтын куәгерлер отыр” деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Оның адвокаты соттан азаптау фактісі бойынша шешім шығаруды өтінді. Ал прокурор шешім бұған дейін қабылданғанын, ол келесі отырыста белгілі болатынын жеткізді. Осылайша судья адвокаттың өтінішін орындамады.
Бейсенбі күнгі сот процесі кезінде сотталушылар Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтың адвокаты істе оларды күдікті деп тану туралы қаулы жоғын айтып, бұл сотталушылардың құқығын бұзады деп мәлімдеді. Осылайша істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Ал судья заң бұзылмағанын айтып, адвокаттың өтінішін кері қайтарды.
Бүгін сонымен бірге бұған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен төбелес туралы видео да көрсетілді.
Видеода Шерзатқа ұқсайтын баланың жерде отырғаны, жанында әйел отырғаны көрінеді. Бірнеше минуттан кейін оларға Нұрғанат Ғайыпбаев жақындайды. Видеода “жедел жәрдем шақырыңдар” деген айқай қатты естіледі. Бұдан кейін жаөспірім отырған жаққа бірнеше адамның жақындағаны көрінеді.
Прокурор Ержан Құрақбаевтың айтуынша, Шерзатты бірінші болып Белғожаев тебеді.
“Осы сәтте сол жағында анасы Бишімбиева отырады, оның ар жағында Белғожаев, Шынасыл мен Ілиясов Ғайыпбаевты, кейін Сакиев сүйреп сол жағына әкетеді. Сол жері құжаттармен анықталды. Шынасыл мен Сакиев оған пышақ жарақаттарын келтіреді” деді прокурор.
15 мамырда сотталушылардың бірі Дархан Әскентаевтан жауап алынып болды. Оған "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған. Тергеу дерегінше, ол адам өлімі болған күні Талғардағы "Қамажай" дүкеніне сыра алу үшін барып, сол жаққа өзге адамдарды шақырған.
Дархан Әскентаев сотта төбелеске қатыспағанын, адамдарды ажыратуға тырысқанын айтты. Оның сөзінше, ол Нұрғанат Ғайыпбаевты (Шерзат Полаттың әкесінің бауыры) ұрған Нұрбол Тоқтаубаев пен Абзал Шынасылды тоқтатуға тырысқанда өзіне де Шынасылдың жұдырығы тиген.
Істе 9 айыпталушы бар. Қылмыстық іс бас-аяғы 62 томнан тұрады.
- 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полаттың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге тауар сатып алуға келген адаммен арадағы даудың аяғы жанжалға ұласқан; әлгі адам көмекке достарын шақырып, төбелес барысында суық қару қолданылған. Оқиға салдарынан пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім сол жерде қаза болды. Кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
ПІКІРЛЕР