Жыл басынан бері Қазақстаннан Ресейге картоп тасымалдау 15,6 есе артқан. Ресейлік Россельхознадзор ұйымының хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
"Аргус-Фито" федералды мемлекеттік ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша, Россельхознадзор 2025 жылдың басынан бері Ресейге картоп импорты артқанын тіркеді. Жаңа картоп импорты былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе яғни, 124,8 мың тоннадан 432,2 мың тоннаға дейін артты. Египет тасымалы 4,5 есеге яғни, 59,3-тен 266,3 мың тоннаға дейін, Пәкістан – 4,4 есеге – 1,9-дан 8,2 мың тоннаға, Қытай бірнеше есеге – 2,5-тен 65,5 мың тоннаға, Қазақстан – 448 тоннадан 7 мың тоннаға дейін, Армения – 490 мың тоннадан 5,5 мың тоннаға дейін арттырды" деп хабарлады Россельхознадзор.
Мұндай ақпарат Қазақстанның өз ішінде картоптың қымбаттауы тоқтамаған шақта тарап отыр.
Қазақстан ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы сәуірде картоп 7,1% қымбаттаған. Бюро дерегінше, Қазақстанда картоптың орташа бағасы 250 теңге. Ал былтыр бұл кезде картоптың орташа бағасы 140 теңге болған. Осылайша бір жылда картоп 70% қымбаттаған.
Биыл жыл басында Қазақстанда картоп күрт қымбаттаған еді. Билік мұны көрші елдердің картопқа сұраныс артуымен түсіндіріп, алты айға картоп экспортына тыйым салатынын мәлімдеген. Бірақ бұл шараның ЕАЭО елдеріне (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) қатысы жоқ екені хабарланды.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, мамыр айында нарыққа биылғы өнімдер түскен кезде бағасы тағы өскен. Кейбір супермаркеттерде оның килосы 1300 теңгеге барғаны да хабарланды.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстан шамамен 2.6 млн тонна картоп жинаған, ал елдің ішкі нарығының сұранысы 2 млн тонна.