Украина президенті Владимир Зеленский, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио Римде кездесіп, шамамен 40 минут сөйлесті. Бұл — Зеленский, Вэнс және Рубионың биыл ақпанда Ақ үйде дау-дамаймен аяқталған оқиғадан кейінгі алғашқы жүздесуі.
Украина президенті Римдегі кездесуді жақсы өтті деп сипаттады. Зеленскийдің айтуынша, ол және Вашингтон өкілдері 16 мамырда Стамбұлда Ресей мен Украина өкілдері өткізген келіссөзді талқылаған. Украина басшысы ресейліктердің келіссөзге "шешім қабылдауға өкілеті жоқ, төмен деңгейлі делегация" жібергенін айтқан.
"Мен Украина шынайы дипломатияға дайын екенін растадым және тез арада, атыс-шабысты толық әрі сөзсіз тоқтату маңызды екенін атап айттым", — деп жазды Зеленский Telegram арнасында.
Бұған қоса ол Вэнспен және Рубиомен болашақта Ресеймен тұтқын алмасу жайы мен Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу қажеттігін талқылағанын жазды. "Ресей соғысты тоқтатуға дайын болғанша оған қысым жасауды жалғастырған жөн", — деген Зеленский.
Жексенбідегі кездесуге дейін Зеленский, Вэнс пен Рубио Ватиканда Рим шіркеуінің жаңа басшысы папа XIV Леоның қызметке кірісу рәсіміне қатысты.
Сол күні Украина президенті Рим папасымен кездесті. "Әлемдегі миллиондаған адам үшін понтифик — бейбітшілікке деген үміт символы. Қасиетті тақтың беделі мен үні бұл соғысты тоқтатуда маңызды рөл атқара алады. Украина мен Ресей арасында тікелей келіссөз өткізетін алаң болуға ынта білдіргені үшін Ватиканға ризашылық білдіреміз", — деді Зеленский кездесуден кейін.