Украинаның Сумы облысында автобусқа шабуыл жасалды. 9 адам қаза болды

Сумы облысында дрон шабуылына ұшыраған микроавтобус. 17 мамыр, 2025

Украинаның Сумы облысы Белополе елді мекені маңында ресейлік дрон микроавтобусқа шабуылдап, соның салдарынан кемінде 9 адам қаза болды, жеті ажам жарақаттанды.

Сумы облысының әскери әкімшілігінің мәліметінше, бейбіт азаматтарды тасымалдаған автобусқа соққы сенбі күні таңертеңгі сағат 6 шамасында жасалған. Алдын ала мәлімет бойынша, соққы кезінде "Ланцет" дроны пайдаланылған.

Белополе ауылы Ресейдің Курск облысының Теткино елді мекенінен шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. Ол аумақта кейінгі күндері шайқас жүріп жатыр.

17-18 мамыр күндері Сумы облысында қаралы күн жарияланды.

Украина президенті Владимир Зеленский телеграм-парақшасында микроавтобусқа жасалған шабуылда "мақсатты түрде бейбіт азаматтарды өлтіру" деп атады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, ресейліктер бір отбасыны өлтірген: әкесі, анасы және қызы соққыдан қаза болды" деді Зеленский.

Украина президенті Стамбұлдағы келіссөз кезінде атысты тоқтату мүмкіндігі болғанын, бірақ Ресей оны пайдаланбағанын айтты. Ол Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге шақырды.

Сумы облысының билігінің мәліметінше, өткен тәулікте Ресей 31 елді мекенді атқылаған. Олардың басым бөлігі Сумы, Конотопский және Шосткинский аудандарында тіркелген. Азаматтық инфрақұрылым нысандары қирап, бүлінген.

Сумының Ресеймен шекаралас жатқан елді мекендерінен шамамен 70 адам эвакуацияланған.

Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға түсініктеме бермеді.