Ресей федерациясының бас прокуратурасы ел аумағында қызметін "қаламайтын ұйымдар" тізіміне Amnesty International халықаралық үкіметтік емес ұйымын қосты.
Бұл іс жүзінде Ресейде аталған ұйымның қызметіне тыйым салынғанын білдіреді.
Бас прокуратура құқық қорғаушылар экстремистік ұйымдарды қолдайды және "шетелдік агенттер" деп аталатын тұлғалардың қызметіне қаржылай қолдау көрсетеді дейді.
"Лондондағы AI (Amnesty International) штаб-пәтері – киевтік режим жандайшаптары қаржыландыратын, орыстарға қарсы жаһандық жобаларды даярлайтын орталық", – делінген Ресей бас прокуратурасы жариялаған баспасөз хабарламасында.
"Amnesty International – әлемдегі байырғы және ірі құқық қорғау ұйымдарының бірі. Оның ресми жақтаушылары ретінде 10 миллион адам тіркелген", – деп жазылған ұйымның ресми сайтында.
Ұйым күллі әлемде саяси тұтқындарды босатуға, дүние жүзінде өлім жазасын сөзсіз жоюға, кемсітуге қарсы күресуге және адамның өз еркін білдіру және басқа да құқықтарын қорғаумен айналысады.