Қостанай өңірінде жол апатынан алты шетелдік қаза болып, бес адам ауруханаға түсті

20 мамыр күні таңертең Қостанай облысында, Ресеймен шекараға жақын маңда, "Қайрақ" шекара бекетінен 2 шақырым жерде жолаушы таситын Ford Transit маркалы шағын автобус пен DAF маркалы жүк көлігі Алматы – Екатеринбург бағытындағы жол үстінде соқтығысқан.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, шағын автобуста он жолаушы – шетелдік азаматтар болған. Автобустағы алты адам сол жерде тіл тартпай кеткен. Зардап шеккен бес жолаушы Қарабалық ауданының орталық ауруханасына жеткізілген.

Полиция оқыс оқиғаға ұшыраған адамдар қай елдің азаматтары екенін нақтылап айтпаған.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы хабарласқан адамдардың сөзінше, қаза тапқандардың барлығы – Тәжікстанның Құбодиён ауданынан шыққан тұрғындар. Олар Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан.

Қазіргі уақытта бұл оқиғаның егжей-тегжейін басқа ресми дереккөзден нақтылау мүмкін болмай отыр.

Жол-көлік оқиғасына байланысты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және адам өліміне әкеліп соғу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады Қостанадай облыстық полиция департаменті.