Экзитпол: Польшада президент сайлаудың екінші кезеңі өтеді

Ел президенті болатын адамды таңдауға дауыс беруге келген сайлаушы. Варшава, Польша, 18 мамыр, 2025 жыл.

18 мамырда Польша президентін таңдауға дауыс бергендер арасында жүргізілген экзитпол мәліметіне сәйкес, сайлауға түскен 13 кандидаттың ешқайсысы қажетті 50% дауыс жинай алмаған. Енді 1 маусымда өтетін сайлаудың екінші кезеңіне премьер-министр Дональд Туск басқаратын "Азаматтық платформа" партиясының өкілі, Варшава қаласының мэрі Рафал Тшасковский мен "Құқық және әділеттік" партиясынан кандидат Кароль Навроцкий өтеді.

Жексенбіде Тшаковскийді сайлаушылардың 31 пайызы, Навроцкийді – 29 пайызы қолдап дауыс берген.

Үшінші орында әсіреоңшыл "Конфедерация" партиясының өкілі Славомир Ментцен – 15%.

Елде 29 миллионға жуық адам дауыс беру құқына ие, солардың шамамен 67 пайызы жексенбіде дауыс беруге қатысқан.

Саяси сарапшылардың айтуынша, премьер-министр Дональд Туск өз реформаларын жүзеге асыру үшін бұл сайлауда Тшасковскийдің жеңіске жетуіне аса мүдделі. "Әрбір дауыс үшін қатаң күрес жүріп жатыр. Алдағы екі аптада Отанымыздың болашағының тағдыры шешіледі", — деп жазды Туск X әлеуметтік желісінде.

Егер бұл сайлауда Навроцкий жеңіске жетсе, онда елде мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтуі ықтимал. Егер сайлаудың екінші кезеңінде оған Ментценнің электораты қолдау көрсетсе, Навроцкийдің жеңіске жету мүмкіндігі артады. БАҚ-тың хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трампқа Навроцкийдің бүйрегі бұрады және ол украиналық босқындарға сыни көзқараста.

Польша президенті бес жыл мерзімге сайланып, сыртқы саясатқа ықпал ете алады, үкіметті тағайындайды және қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы міндетін атқарады. Сайлаудың бірінші кезеңінің ресми қорытындысы 20 мамырда жариялануы тиіс.