Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетті

Ермек Тұрсынов

Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кеткенін хабарлады. Facebook желісіндегі бірнеше жазбасында ол елде өзіне қысым күшейіп, шығармашылығына жүйелі түрде тыйым салынып, өзін тіпті "жемқор, ұры" ретінде айыптай бастағанын жазды. Ол мәдениет саласындағы саясатты сынап, елде шығармашылық иелеріне еркіндік қалмағанын алға тартқан.

"...Маған қарсы ақпараттық кампания ұйымдастырылды. Желіде мен туралы "жаман адам", "ұры", "жемқор", "дарынсыз адам" деген тәрізді неше түрлі қорқынышты нәрселер шыға бастады. Ешкімге керек емес кино түсіреді. Ешкімге керек емес кітап жазады... Менің туындыларыма миллиардтаған қаражат кетті деп жазды. Шын мәнінде менің фильмдерімнің барлығының бюджетін қосқанда бір "Томиристің" бюджетінің жартысын ғана құрайды. "Қазақ хандығы" бюджетінің төрттен бір бөлігі. Елбасы туралы эпопеяны айтпай-ақ қояйын..." деп жазды ол.

Оның сөзінше, кейінгі жылдары өзі қатысатын шығармашылық кештері мен шараларға тыйым салынып, тіпті кітаптарын тарата алмайтын жағдайға жеткен. Жуырда ғана 22 және 31 мамырға жоспарланған шараларын шегеруге тура келген.

22 мамырда ол Нұрлан Сабыровпен "Диалог" атты кеш, 31 мамырда Еркеш Шәкеевпен бірігіп саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шара өткізбек болған. Almaty Theatre өкілдері оған техникалық себептерді алға тартып, 31 күнгі шараны өткізе алмайтынын ескерткен. Бұған дейін мұны композитор Еркеш Шәкеев те айтқан.

Ол жазбасында "президентті қорлау және мемлекеттік құрылымға жасалған қастандық" деген желеумен өзінің "Бесмойнақ" фильмінің прокатына да тыйым салынғанын айтты.

Бұған дейін ақпарат құралдары Ермек Тұрсыновтың продюсерінің үйінде тінту жүргенін жазған еді.

Оскар сыйлығына үш рет ұсынылған, көптеген халықаралық фестивальдардың жеңімпазы атанған Ермек Тұрсыновтың "Шал", "Сіз кімсіз, Ка мырза?", "Сабалақ", "Бақсы", "Келін", "Жат" және өзге де фильмдері көрерменге таныс.