Австриялық әнші JJ Швейцарияның Базель қаласында өткен "Eurovision 2025" ән байқауының жеңімпазы атанды. Ол жоғары ноталардан тұратын опералық Wasted Love әнін шырқады.
24 жастағы Йоханнес Пич (лақап аты JJ) әнге өзінің өмірі арқау болғанын айтып, ән жауапсыз махаббат жайында екенін жеткізді. Дауылға қарамастан теңізде қайық үстінде қасқайып тұрған қайсар адам образын бейнелеп, сахнада ән шырқаған өнерпазға әділқазылар да, көрермендер де ең жоғары ұпайды берді. Йоханнес Пих Вена мемлекеттік операсында қызмет етеді және әйгілі қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдайды.
Екінші орынды израильдік Юваль Рафаэль, үшінші орынды эстониялық Томми Кэш иеленді. Букмекерлік кеңселер мен музыка сарапшылары «жеңімпаз» болады деп болжаған шведтік KAJ тобы төртінші орынға жайғасты.
Шведтің KAJ тобы сахнада өнер көрсетіп тұр. 17 мамыр 2025
Финал болатын күні Базельде шеру өтіп, қатысушылар Израильді байқаудан шығаруды талап етті. Палестина туын ұстаған шамамен 800 белсенді қала орталығына жиналған. Полиция оларды Рейн көпірінен әрі қарай өткізген жоқ.
Байқау басталмай тұрып Eurovision-ның ондаған бұрынғы қатысушысы да Израильге бойкот жариялауды талап еткен. Екінші орынды иеленген әнші Юваль Рафаэль өнер көрсетіп жатқан шақта белсенділер сахнаға бояуы бар пакет тастамақ болған. Нәтижесінде ол көрермендерге, оның ішінде неміс тілшісіне де тиген.
Әнші Юваль Рафаэль өнер көрсетіп жатқан шақта ту ұстап тұрған палестиналық белсенділер
Шоуға әлемнің 37 елінен әншілер қатысты. Жартылай финал 13 және 15 мамырда, финал 17 мамырда өтті.
Австрия бұған дейін 1966 және 2014 жылдары Eurovision ән байқауында бірінші орынды жеңіп алған.
Еуропалық хабар тарату одағы 1956 жылдан бері жыл сайын Eurovision ән байқауын ұйымдастырып келеді. Ережеге сәйкес, бірлестіктің негізін қалаушы бес ел – Ұлыбритания, Франция, Испания, Италия, Германия және байқауды өткізетін елдің әншілері тікелей финалға өтеді. Келесі байқау жеңген әншінің елінде өтеді. 2024 жылғы жарыста швейцариялық Немо жеңіске жеткен еді.
Байқау жеңімпаздары тікелей эфирде қазылар алқасының жиынтық ұпайлары мен көпшілік дауыс беру арқылы анықталады.
Әр ел байқауға кімді жіберетінін өзі шешеді. Кейбір елдерде ол байқау арқылы таңдалса, басқаларында қазылар алқасы анықтайды.
Ақпарат құралдары Базельдегі Eurovision байқауын ұйымдастыруға 37 миллион еуродан астам қаржы жұмсалғанын хабарлады. Ұйымдастырушылар байқау шығыны туралы ақпарат бермеді. Жарыс 14 200 көрерменге арналған Saint Jakobshalle аренасында өтті. Қаладағы үлкен стадионға да монитор орнатылып, мыңдаған көрерменнің назарына ұсынылды. Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шоуды әлем бойынша 160 миллионнан астам адам тікелей эфирде тамашалаған.