Алматыдағы "Барыс-4" сауда базарында жұмыс істейтін ондаған адам 20 мамыр күні осы базар аумағынан 23 сотық жер телімінің алынуына қарсылық білдіріп жиналды. Наразылыққа себеп болған аумақта Қазақстанның өңірлері мен шетелден келетін жүк көліктері аялдайтын тұрақ бар.
Базарда еңбек етіп, нәпақа тауып жүргендер егер бұл аумақ алынатын болса, жүздеген адам жұмыссыз қалатындығына алаңдайды деп жазды "Власть" басылымы.
– Біз тауарды осы жерден қабылдап, Алматы қаласына таратамыз. Егер бұл орын жойылатын болса, онда мыңдаған адам табысынан айырылады деген сөз. Біздің жұмысымыз осы тұраққа тікелей байланысты, – деді наразылардың бірі.
Базарда отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жанна Сүйіндікованың сөзінше, бұл көтерме сауда базары елдегі азық-түлік бағасына ықпал етеді.
– Біз салық төлейміз. Әкімшілік қала бюджетіне ай сайын қанша миллион түсіріп отырғанын өзім де нақты білмеймін. Бірақ бұл базар – Қазақстандағы бағаның қалыптасуына тікелей әсер етеді, – деген ол "Власть" басылымына.
Ал "Азаматтық қорғаныс" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Ушаковтың айтуынша, Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы былтыр қыркүйек айында осы жер телімін жалға алған Market Rent Company серіктестігінің үстінен сотқа талап-арыз түсірген.
– Серіктестік салық төлеп отырғанымен, жерді жалға алу шартын ұзартпаған. Сондықтан сотқа жерді алу туралы талап-арыз түсті. Сотта біз бұл шешім базардың қаржы және шаруашылық қызметіне тұсау салады деп айтқанбыз. Алайда ол уәжіміз ескерілмеді. Қалалық мамандандырылған экономикалық соттың жерді алу туралы шешімі дау-дамайға ұшырады. Қоғамда осында резонанс болады деп алдында ескерткенбіз, – деген Ушаковтың сөзін келтірген "Власть" сайты.
Басылымның жауынша, Алматы қалалық әділет департаменті Market Rent Company серіктестігі даулы жердегі сауда контейнерлерін, күзет үйшігін және шлагбаумды өз есебінен алып тастауға тиіс деп көрсеткен.
Алмалы аудандық әкімшілігі мен базар әкімшілігінен наразыларға ешкім бармаған. Азаттық тілшісі даулы мәселеге байланысты түсініктеме алуға талпынғанымпен, олар телефон қоңырауына жауап бермеді.