Accessibility links

"Дәлел жоқ". Қазақстан Айдос Садықовтың қазасына күдіктілерді тергеуден бас тартты


Киевте қастандықтан қаза болған журналист Айдос Садықовтың өліміне қатысты қылмыстық істе Қазақстан Украинаға көмектсеуге құлықты емес дейді Наталья Садықова. Оның сөзінше, Қазақстан бас прокуратурасы Украина сұраған құқықтық көмектен бас тартқан. Қазақстаннан жеткен жауапта, бас прокуратура күдікті деп танылған Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевтардың бұл істегі кінәсі дәлелденбегенін айтқан.

"Бұған дейін сіздерге Қаратаев пен Жақанбаевтың қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін материалдарды ұсыну жөнінде бірнеше рет сұраныс жіберілгенімен, жауап ала алмадық. Қазақстан заңнамасына сәйкес, айыптау тек болжамға негізделе алмайды және ол жеткілікті, заңды және сенімді дәлелдер жиынтығымен расталуы қажет. Ұсынылған материалдарда тұлғалардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті деректер болмағандықтан, Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты орындау мүмкін емес" деп жауап берген Қазақста бас прокуратурасы.

Былтыр 18 маусымда қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды. Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.

Киев прокуратурасының хабарлауынша, тергеу соты күдіктілер Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевты қамау туралы қаулы шығарған. Оларға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған. Былтыр Азаттық Украина бас прокуратурасының Азаттыққа жіберген ресми жауабына сүйене отырып, Қазақстан жағының күдіктінің бірін Украинаға беруден бас тартқанын жазған. Астана күдікті Қазақстан азаматы екенін алға тартқан. 2024 жылы шілдеде Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа "қазіргі кезде тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр, Украинаның уәкілетті органдарына құқықтық көмек көрсету жөнінде өтініш хат та жолданды" деп мәлімдеген.

Бұдан өзге Қазақстан Бас прокуратурасы "тиісті өтінішхат болған жағдайда Жақанбаевты қылмыстық қудалауға дайын екенін" ал екінші күдікті Мейрам Қаратаевтардың қайда екенін әлі белгісіз екенін жазған. Азаттық бас прокуратураның осы жауабы жөнінде Наталья Садықовадан сұхбат алды.

– Бұл құжатты қалай алдыңыз, оны сізге кім берді?

– Айдос Садықовтың өліміне қатысты қылмыстық істе мен, оның жұбайы ретінде, жәбірленушімін. Бұл құжатты іс материалдарымен танысу үшін барғанда украиналық тергеушіден көрдім. Көптеген құжаттар арасында Украина Бас прокуратурасының халықаралық сұранысына Қазақстан бас прокуратурасының жауап-хаты болды. Ол құжатқа Қазақстан бас прокуратурасы 4 наурызда қол қойған. Содан бері Украинаға, кейін тергеушіге түскенге дейін уақыт өткен.

Ал жалпы, Жақанбаев пен Қаратаевты тергеп, оларға қылмыстық күдік туралы хабарлау туралы сұраныс 2024 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстанға жіберілген. Қазақстан екі айдан кейін 4 наурызда жауап берген. Онда Жақанбаев пен Қаратаевтың кінәсін дәлелдендейтін дәйектер жеткіліксіз болғандықтан, Қазақстан оларды тергеуден бас тартатыны жазылған. Бұл халықаралық нормаларға қайшы келеді, өйткені Украина халықаралық келісім аясында олардың кінәсін дәлелдеуге міндетті емес.

Украина оларды сотқа тартуды емес, тек қана қарапайым тергеу әрекеттерін – күдік екіні туралы қағазға қол қойғызып, олар "Украинада не істеді?", "Айдоспен таныс па еді?", "Қаруды қайдан алды?", "Неге Қаратаев Айдосқа оқ атты?", "Бұл қылмыста Жақанбаевтың рөлі қандай болды?" деген сынды қарапайым сұрақтарға жауап алуды сұрап отыр. Бірақ Қазақстан осының өзінен бас тартты. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келген халықаралық құқықтық көмек туралы келісім Айдос Садықовтың ісіне келгенде бұзылды. Қазақстан халықаралық келісім мен заңдарды елемей өзін бандиттік ел сияқты көрсетіп отыр.

Айдос Садықовқа жасалған қастандық

Былтыр маусым айында Айдос Садықовты үйінің маңында екі азамат атып кетті. Оқ самайына тиіп, журналиске ауруханада ота жасалды. Садықов есін жимаған күйі 2 шілдеде көз жұмды. Оқиғадан көп өтпей Украина бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасаған күдіктілер деп екі адамның атын атады. Олар – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев. Киев оларға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жариялады. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп мәлімдеген. Бірақ оның қай қалада ұсталғаны, оған қандай бұлтартпау шарасы кесілгені айтылған жоқ. Қазақстан билігі оны Киевке бермейтінін мәлімдеді.

Былтыр шілдеде Украина бас прокуратурасы Қазақстан органдарынан сотқа дейінгі тергеуге халықаралық құқық жағынан көмек сұрағанын, бірақ оған жауап ала алмағанын хабарлаған. Биыл 16 қаңтарда Украина Қазақстан билігінен тағы да құқықтық көмек беруді сұрап, өтініш түсірген. Киев қалалық прокуратурасының мәліметінше, Астана бұған да жауап бермеген. Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптады. Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлерді өзге адамдар "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген атаулармен сақтағанын анықтаған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қаратаев пен Жақанбаев комитетте жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын айтқан. Ішкі істер министрлігі күдікті Қаратаевтың полиция жұмыс істегенін, 2019 жылы қызметтен кеткенін мәлімдеген. Ал Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайттан соң пікір білдіріп, Қазақстан Украинаға бұл істі тергеуде көмектесуге әзір деген.

– Мемлекет басшысы Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын, – деді былтыр 21 маусымда Қазақстан президентінің сол кездегі баспасөз хатшысы Берік Уәли.

– Украина тарапы күдіктілерді тергеу үшін тағы не істей алады?

– Мен білмеймін. Украинаның халықаралық сұраныстан басқа қандай амалы бары белгісіз. Дегенмен, мен жәбірленуші ретінде Жақанбаев пен Қаратаевқа сырттай сот жүргізуді талап етемін. Үкім шыққанын талап етем. Содан кейін ол үкім орындалуы үшін Қазақстанға жіберілуі керек. Бірақ мен Қазақстан оны орындамайтынына 99,9 пайыз сенімдімін. Олар түрлі сылтау табады. Себебі Қазақстан бұл қылмыстық істі жауып тастау үшін барын салып отыр. Украинаның бас прокуратурасына құқықтық көмек көрсетуден бас тартуы – соның дәлелі. Бірақ мен бұл істі жапқызбаймын. Айдос Садықовты өлтіргендер жауап беруге тиіс. Украина бұл істе әділеттілікке жетуге тырысып жатыр. Қазірдің өзінде бұл қылмыстық істің бірнеше томы бар. Украина бұл істі сотқа жіберуге тырысып жатқанымен Қазақстан кедергі келтіруде.

Теориялық түрде Украина тергеу тобының Қазақстанға келу мүмкіндігі бар. Бірақ Қазақстан бұл топқа көмектескісі келе ме? Мәселе сонда. Тергеушілерді Бас прокуратура қарсы алуы керек, Жақанбаевпен кездестіру керек. Бірақ Қазақстан сұрау хаттың өзіне жауап бермей жатқанда, тергеушілерге есік аша ма? Меніңше, Қазақстан Айдос Садықовты өлтіргендерді әдейі жасырып отыр, олар бұл істің ашылып, тергеушілер келіп Жақанбаевтан жауап алуына құлықты емес, өйткені Жақанбаев тергеуде қандай жауап беретіні белгісіз.

– Қазақстан билігіне өзі берілгеннен кейін, қамауға алынған Алтай Жақанбаевтың ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап кеткенін жаздыңыз. Бұл ақпаратты қайдан алдыңыз?

– Қателеспесем, былтыр 20 маусымда Украина тергеуі Жақанбаев пен Қаратаевтың аттарын жариялап, "Айдосты өлтірді" деп айыптады. 22 маусымда Жақанбаев Қазақстанның прокуратурасына өзі келіп берілді. Оны аз уақыт ұстады, кейін сот шешімімен қолхатпен босатып жіберген (Азаттық Қазақстан бас прокуратурасына сауал жолдап, бұл ақпараттың рас‑өтірігін сұрады. Әзірге жауап келмеді – ред.). Яғни ол түрмеде мүлдем отырған да жоқ. Меніңше, бұл Қазақстан билігі мен Жақанбаевтың арасындағы келісім сияқты көрінеді. Жақанбаев қазір еркіндікте, тіпті Алматыда арнайы қызметте жұмыс істеп жүр деп естідім. Оны тек Интерполдың қызыл карточкасы шектеп отыр – шетелге шыға алмайды. Қаратаевты болса мүлде жасырып отыр.

Тергеу материалдарында мен олардың Киевте жүрген видеоларын көрдім. Ондағы әрекеттерінен Қаратаев – жай ғана әкелінген киллер екені көрінеді. Барлығын Жақанбаев ұйымдастырған: төлем жасаған, қару алған, маршрут таңдаған. Қаратаев тек орындаушы ғана. Жақанбаев – бұл операцияның жетекшісі. Қаратаев туралы ештеңе жарияламай отыр, өйткені тергеу кезінде оның не дері белгісіз, оған сенім аздау болғасын ол туралы ақпарат та жоқ.

Мен тергеу сотының қаулысын көрген жоқпын, дегенмен, Қазақстанның Украинаға жіберген жауабынан көрдім, онда Жақанбаев ұсталып, кейін босатылғаны жазылған. Түсінесіз бе, ол дүкенен шұжық ұрлаған жоқ, ол өзге мемлекетте жүріп, адам өлтірді. Ол қоғамға қауіпті адам, соған қарамастан оны босатып жіберді – Қазақстанның билігі бұларды еліне еңбегі сіңген батырларша қорғап отыр.

– Енді не істемексіздер? Адвокатыңыз не дейді?

– Қазір біз Қазақстаннан Гаджи Гаджиевті (Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті, кәсіпкер – ред.) тергеу туралы сұранысқа жауап күтіп отырмыз. Мен сұраныстағы оған қойылған сұрақтарды көрдім, өте ауыр сұрақтар. Соған қарап, Украина тарапында мен білмейтін деректер бар секілді. Түсіндіре кетсем, бұл істің ашық және құпия тұстары бар. Ашығымен мені хабардар етіп отырады. Мен оны өзгелермен бөлісе аламын.

Ал құпия жағы – орындаушыны емес тапсырыс берушіні анықтауға күш салады. Украинада бұл іс "тапсырыспен кісі өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Демек, Жақанбаев пен Қаратаев – тек орындаушылар, сондықтан орындаушылардан өзге тапсырыс берушіні табу үшін де жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сол себепті Гаджи Гаджиевке қатысты сұраныс жайдан-жай пайда болған жоқ. Ол Қазақстанда үлкен ықпалы бар адам. Біз енді осы сұранысқа жауапты күтеміз және ары қарай не істеу керегін шешеміз. Бірақ мен үшін бұл – ар-намыс мәселесі. Үш баламның әкесін өлтіргендердің жазалануы – мен үшін басты мақсат. Иә, біз пендешілікпен әділеттілікті тез орнағанын қалаймыз, бірақ Жаратушының сотынан ешкім құтыла алмайды. Мен Қазақстандағы жағдай жақында өзгереді деп сенемін. Украиналық тергеушілер ақыры шындыққа жетеді деп сенемін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG